Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл

Автор: | 3 марта, 2026

Қасым-Жомарт Тоқаев тұтас ұлт тағдырын мойнына алған жеті жылда еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси даму моделінде ауқымды әрі жүйелі өзгерістер болды. Бұл жылдар жер бетін түгел жайлаған пандемия, әлемдік экономиканың баяулауы, инфляциялық және логистикалық сын-тегеуріндер, геосаяси тұрақсыздық сияқты жаһандық ахуалдың аса күрделі кезеңімен, сондай-ақ жылдар бойы жалғасқан ішкі экономикалық әрі саяси теңсіздіктерді еңсеру қажеттілігімен тұспа-тұс келді. Күрмеуі қиын, қордаланған түйт­кілдерге қарамастан, Президентіміз тұрақтылықты қамтамасыз етіп, Қазақстан серпінді даму жолына түсті.

Көптеген сын-қатерге жауап ретінде бірінші кезекте мемлекетіміздің ұзақмерзімді орнықтылығын нығайтуды мақ­сат еткен ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Президент Тоқаев жалаң ұран мен популизмге жол берген жоқ, уақытша нәтижелерге де ешқашан иек артқан емес. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын жақ­сартуға, экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған елдіктің мызғымас берік тұғырын қалыптастыру жолында еңбек етіп келеді.

Мұндағы нәтиженің бәрі көз алдымызда.

2025 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,3%-ды құраса, Қазақстанда ішкі жалпы өнім 6,5%-ға артты.

Экономиканың құрылымы да өзгерді. Бұрын өсім негізінен сыртқы шикізаттық конъюнктураға тәуелді болса, бүгінде ол Мемлекет басшысының жүйелі шешім­де­­рінің арқасында шикізаттық емес секторлар мен ішкі сұраныстың есебінен өсіп келеді.

Осылайша, экономиканың өсуіне өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, көлік және қызмет көрсету салалары барынша үлес қосып отыр.

Жеті жыл ішінде номиналды ІЖӨ 1,7 есеге ұлғайып, 2019 жылғы 181,7 млрд доллардан 2025 жылы 305,9 млрд долларға дейін өсті. Жан басына шаққандағы ІЖӨ де тұрақты түрде артып, 2019 жылғы 9,8 мың доллардан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 15 мың долларға дейін жетті.

Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2,5 еседен астам, яғни 2019 жылғы 11,5 трлн теңгеден 2025 жылы 30,63 трлн теңгеге дейін өсті. ІЖӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11,4%-дан 12,7%-ға дейін ұлғайса, керісінше кен өндіруші сектордың үлесі 14,5%-дан 12%-ға дейін қысқарды.

Аталған көрсеткіштердің сыртында жаңадан бой көтерген ондаған ірі зауыт пен мыңдаған жұмыс орны тұр. Қостанай облысында KIA автокөліктерін шығаратын және шойын құю зауыттары іске қосылды, Қарағанды облысында тұрмыстық техника мен автомобиль шиналары, Атырау облысында полипропилен өндірістері жолға қойылды, Алматы облысында вольфрам концентраты шығарыла бастаса, Павлодар облысында теміржол техникасына арналған қосалқы бөлшектер өндірісі, Шымкентте алюминий қаптама өндірісі мен бағалы металдарды қайта өңдеу және басқа да көптеген өндіріс орны жұмысын бастады.

Ел экономикасының дамуындағы көш­басшы салалардың бірі – бүгінде тұ­рақ­ты өсім көрсетіп отырған құрылыс сек­торы. Тек өткен жылдың өзінде елі­мізде 20 млн шаршы метрден астам тұр­ғын үй пайдалануға берілді. Бұл көлем екі бірдей облыс орталығы – Павлодар мен Қостанай қалаларының жалпы тұр­ғын үй қорынан асып түседі.

Халықаралық валюта қорының дерек­те­ріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең ірі топ-50 экономиканың қатарына енді, сондай-ақ орташа жылдық экономикалық өсім қарқыны бойынша да алғашқы бестіктің ішінде тұр.

World Competitiveness Ranking рей­тингінің мәліметі бойынша мемлеке­тіміз жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 34-орынға ие болды. Бұл еліміздің инвестициялық және іскерлік тартымдылығының нығая түскенін ай­ғақтайды. Экономика «бір салаға бай­ланып қалған» бағытынан арылды деуге болады, қазіргі таңда кен өндіру сек­торындағы уақытша тербелістер макро­экономикалық ахуалдың тұрақты­лы­ғына пәлендей әсер етіп жатқан жоқ. Бұл дамудың анағұрлым қалыптасқан әрі теңгерімді үлгісіне бет бұрғанымызды көрсетсе керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестициялық саясаты экономиканы жаңғыртудың негізгі құралдарының біріне айналды.

Жеті жыл ішінде негізгі капиталға са­лынған инвестициялар көлемі 12,6 трлн теңгеден 22,7 трлн теңгеге дейін өсті. Оның үстіне құрылымы да ай­тар­лықтай өзгерді: қаржының негізгі бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке, инфра­құ­ры­лымға, энергетикаға, логистика мен агро­өнер­кәсіп кешеніне бағытталып отыр. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мем­ле­­кеттің стратегиялық басымдығы болып қала береді. Азық-түлік қауіпсіздігі, саланы жаң­­­­ғырту, экс­порттық әлеуетті арттыру – мұның бәрі ауыл тұрғындарының тұр­мыс жағ­­­­­дайын жақсартумен тығыз бай­ла­­­нысты.

Суар­малы егіншілік пен инфра­құ­ры­лымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп ке­леді: алдағы уақытта суармалы алқап­­тар­­ды 2,5 млн гектарға дейін жеткізу көз­де­­ліп отыр.

Ирригациялық жүйелер, элеваторлар, өңдеуші қуаттар мен логистикалық тіз­бектерді жаңғырту жұмыстары жал­ға­су­да. Мал шаруашылығын қолдау және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді күшейту қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі жеті жылда шамамен екі есеге, яғни 2019 жылғы 5,2 трлн теңгеден 2025 жылы 9,8 трлн теңгеге дейін, азық-түлік өнді­рі­­сінің көлемі 1,7 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге дейін өсті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, саланы қолдау көлемі жылына бір триллион теңгеге жеткізілді, шаруаларға тиісті қаражат бұдан былай ерте бастан бөлі­­неді.

Нәти­жесінде, ауыл шаруашылығы жұ­мыс­­­тарының сапасы айтарлықтай жақ­сар­ды, ал фермерлер өз кезегінде жыл сайын елімізді мол өніммен қамтамасыз етіп келеді.

Қазақстан дәстүрлі түрде әлемдік на­рыққа астық пен ұн жеткізіп отырған же­текші мемлекеттердің қатарына кіреді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының географиясы да Орталық Азия мен Ауғанстаннан бастап Таяу Шығыс елдері мен Қытайға, Еуропалық одаққа және басқа да бағыт­тарға қарай кеңейіп келеді.

Өнеркәсіп секторында «Бәйтерек» инвестициялық холдингі арқылы бүкіл еліміз бойынша жүздеген жоба қар­жы­ландырылды. Соның ішінде Ал­ма­тыда жеңіл автокөліктер өндірісін, Қарағанды облысында Qarmet болат құю өнімдері кәсіпорнын, Павлодар облысында Қазақ­стан электролиз зауытын, Түркістан облы­сында Ecoculture-Eurasia жылыжай кеше­нін, Алматы облысында «Шин-лайн» балмұздақ шығаратын өндіріс орнын атап көрсетуге болады.

Жеті жылда «Бәйтерек» арқылы қар­жы­­ландыру көлемі 2,9 трлн теңгеден 10,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Қазір­гі уақытта холдингтің қаржылық қолдауы­мен металлургияда жалпы құны 3,9 трлн теңге болатын 23 жоба жүзеге асырылуда, машина жасау саласында 610,6 млрд тең­ге­ге 21 жоба қаржыландыру кезеңінде болса, химия өнеркәсібінде құны 636 млрд тең­гені құрайтын 11 жоба, ал агроөнеркәсіп кешенінде 415,9 млрд теңге болатын 69 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет басшысы ішкі өсім мен негізгі жұмыспен қамту көзі ретінде микро және шағын бизнесті дамытуға ерекше мән береді. Шағын және орта кәсіпкерліктің ІЖӨ-дегі үлесі 40,5%-ға жетті, аталған секторда шамамен 4,5 млн адам жұмыс істейді, бұл – еңбекке қабі­лет­ті халықтың тең жартысына жуығы.

Шағын кәсіпорындардың белсенділігі тек сауда мен қызмет көрсету салаларында ғана емес, сонымен қатар құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібінде де артып келе жатқанын айта кеткен жөн.

Шағын бизнес ірі жобалардың жет­кізу тізбегіне кеңінен қосыла бастады. Әкімшілік кедергілер азайып, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, кепілдік беру және даму институттарының бағ­дар­ла­малары арқылы қаржыландыру жүйесі қолжетімді бола түсті.

Жыл сайын мыңдаған жобаға қол­дау көрсетіліп, осы сектордағы кәсіп­кер­лерге арналған жеңілдетілген қаржы­ландыру көлемі жүздеген миллиард теңгеге жетті. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тіркеу мен есеп беруді және қолдау шараларын алу рәсімдерін жеңілдетіп отыр.

Жаңа инвестициялық кезеңнің елеулі жобаларының ішінде Alatau City көпсалалы урбанистикалық клас­терінің орны ерекше. Президент тапсырмасы бойынша жаңадан бой көтеретін қала инновациялық экономиканы, жоғары тех­но­логиялық өндірістерді, білім беру мен іс­керлік инфрақұрылымды дамытуға тың серпін беретін өсудің жаңа бағытына айналмақ.

Белсенді геологиялық барлау жұ­мыс­тары арқылы еліміздің минералдық-шикізат базасын кеңейту ұзақмерзімді эко­но­микалық даму стратегиясының маңызды элементі болып табылады.

Кейінгі жылдары мыс, никель, көмір, алтын және сирек металдардың болжамды қоры бар ондаған перспективалық учас­ке анықталды.

2026 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағын геологиялық және гео­физикалық зерттеу көлемі 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жетеді.

Президенттің тапсырмасы бойынша 2026–2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына мемлекет тарапынан 240 млрд теңгеге жуық инвестиция салынады. Бұл өткен жиырма жыл бойы осы салаға жұмсалған барлық шығынның көлеміне сәйкес келеді.

Бұған қоса, сыртқы инвесторлардың тарапынан да қызығушылық байқалып отыр. Осы орайда қажетті шешімдердің бәрі ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, қабылданатыны анық. Мұндай ауқымды жұмыс ұзақмерзімді өнеркәсіптік өсудің негізін қалыптастырады.

Еліміздің транзиттік әлеуетінің дамуы – Мемлекет басшысының ұдайы назарында. Мұнда Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе Орта дәліз ерекше ма­ңызға ие. Аталған бағытта тасымал көлемі кейінгі 7 жылда 5 есе өсті.

Заманауи теміржол инфрақұрылымы транзиттік әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді. Мәселен, елімізде кейінгі жеті жыл ішінде 1 мың шақырымға жуық жаңа теміржол салынды, 9,5 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылды, оның ішінде 3,5 мың шақырымға күрделі жөндеу жүргізілді.

Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалала­рын­дағы және шекара маңындағы темір­жол тораптарын жаңғырту өткізу қабі­ле­тін арт­тырып қана қоймай, өңірлердің өзара байланысын нығайтып, логис­тика­лық шы­ғындарды азайтуға сеп­тігін тигіз­ді, осы­лайша, елдің транзиттік әлеуе­тін күшей­тіп, ішкі нарықты кеңейте түсті.

Биыл біз ұзақ жыл бойы жөндеу көр­ме­ген, шынтуайтында, әбден тозығы жеткен 124 теміржол вокзалын жаңғырту жұ­мыстарын аяқтаймыз.

Теңіз порттарының өндірістік қуа­тын кеңей­ту қолға алынды, терминалдар жаңар­тылып, өткізу қабілеті артып келеді. Не­гіз­гі тораптың бірі – Жетісу об­лы­­сын­дағы «Қорғас» құрғақ жүк порты ар­қылы жыл сайын жүздеген мың контейнер өтеді.

Алматы және Жетісу облыстарында жүк­терді бір орталыққа шоғырландырып, өңдеу­­ден өткізетін логистикалық орта­лық­тар желісі құрылды.

Жеті жылдың ішіндегі ауыз толтырып айтатын тағы бір жайт – 25 мың шақы­рымнан астам автомобиль жолы салынып, күрделі жөндеуден өтті, сол сияқты Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс-Шығыс негізгі дәліздері іске асырылды, барлық өңірде жергілікті жолдар желісі едәуір жаңартылды.

Бұған дейін ұзақ жыл бойы жүйелі қар­жыландырудан тыс қалып келген жер­гі­лікті жолдарды жөндеу мен жаңадан салу экономикаға мультипликативті әсер берді: шығындар қысқарып, сауда-сат­тық көлемі өсті, шағын және орта бизнес дамып, өңірлердің инвестициялық тар­тым­дылығы арта түсті. Іс жүзінде күре жол­дар еліміздің экономикалық кеңіс­ті­гінің негізіне айналды. Аталған бағытта жұ­мыстар жалғасып жатыр.

Теңіз порттарының қазіргі жалпы өткізу қабілеті 22 млн тоннаны, оның ішінде Ақтау порты арқылы шамамен 15 млн тонна және Құрық порты арқылы 7 млн тоннаны құрайды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша порттар арқылы жүк өткізу 8 млн тоннаға дейін артты, контейнерлік тасымал көлемі 90 мыңға жетті. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 60 мың контейнер болған еді.

Авиация саласы да тұрақты түрде өсім көрсетіп келеді: егер 2023 жылы әуежайлар 26 млн жолаушыға қызмет көрсетсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 31,8 млн-ға жетті. Қазақстан 30-дан астам елмен әуе қатынасын орнатты, 130 бағыт бойынша 600-ден астам рейс қаты­нап тұр. Сонымен қатар әуежайлар жаң­ғыр­ты­лып, жаңа терминалдар салынуда, инфрақұрылымдар жаңартылып жатыр.

Биыл Катонқарағайда, Зайсанда, Кендірліде, Арқалықта 4 жаңа әуежай іске қосылмақ. Арқалық қаласындағы 30 жылдан астам уақыттан бері қаңырап, қа­рау­сыз қалған әуежай Президенттің тіке­лей тапсырмасымен қалпына кел­тірілуде.

Көлік инфрақұрылымының дамуы туристік салаға да тікелей әсер етті. 2022 жылдан бергі пандемиядан кейінгі қалпына келу кезеңінде елімізге саяхаттап келушілер қатары Қытай, Үндістан, Парсы шығанағы елдерінен келген туристер есебінен тұрақты өсіп келеді. Ірі халықаралық Lonely Planet нұсқаулығы Қазақстанды Best in Travel 2025 рейтингіне енгізді, CNN және The New York Times Алматыны үздік туристік бағыт ретінде атап өтті, ал Шымбұлақ Condé Nast Traveler нұсқасы бойынша үздік әлемдік бағыттар қатарына енгізілді.

Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы Алматы тау кластерін одан әрі дамы­ту қажеттігін атап өтті. Жобаның табыс көзі де айқын: тау курортының инфра­­­құ­ры­­лымына салынған әрбір доллар курорт­­­­­тық экономикаға шамамен бес доллар және жалпы туризм экономикасына 15 дол­­лар кіріс әкеледі.

Осынау ауқымды жобаны жүзеге асыру мыңдаған жұмыс орнын ашып, жыл сайын шама…