(Зайырлы қоғамда рухани жол іздеген жас)
«Бала – адам тағдырының бастауы, ұлт болашағының жалғасы.»
Ғабит Мүсірепов
Қазақтың әр шаңырағы балаға үміт артады, тағдырын сәби күлкісіне байлайды. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат. Алайда сол жас – өз болмысын, сенімін, жолын енді ғана іздеп жүрген бейкүнә сана. Ал бұл ізденіс – күрделі әрі кейде қауіпті болуы мүмкін.
XXI ғасыр – ақпарат тасқыны мен технология заманы. Осындай ортада өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына күн сайын түрлі ойлар мен сенімдер енеді. Бірі дінді – рухани кемелдікке жетелейтін жол деп түсінеді. Екіншілері – дінді өз мақсаттарына пайдалануға тырысып, бала санасын теріс арнаға бұрмалап жатады. Бала қай жолды таңдайтыны – көбіне оның еркінен бұрын, ата-ананың көзқарасы, қоғамның ұстанымы, мектептің тәрбие жүйесі мен мемлекеттің саясатына байланысты болады.
Психология ғылымы дәлелдегендей, жасөспірім – әлі өмірлік шешім қабылдауға толық дайын емес тұлға. Оның санасы – сенгіш, сезімтал, әсерге берілгіш. Дінге деген қызығушылық – оның рухани ізденісінің бастауы болуы мүмкін. Бірақ бұл қызығушылық дұрыс бағытталмаса, бала ертең қате сенімнің құрбанына айналуы ықтимал.
Кей ата-аналар баласының мешітке баруын, намаз оқи бастауын немесе орамал тағуын қуанышпен қабылдайды. «Балам тәртіпке келді» деп сенеді. Иә, сырттай қарағанда бұл – қуанышты жағдай. Алайда баланың дінге бет бұруын тек сыртқы белгілермен бағалау – үлкен қателік. Оның жан дүниесінде не болып жатқанын ұғынбай, сыртқы өзгерістерге мәз болу – баланың шынайы сенімін емес, жалған бағытқа кетуін байқамай қалуға әкелуі мүмкін.
Бала тәрбиесінде жиі кездесетін қателіктің бірі – ата-ананың өз түсінігін балаға күштеп таңуы. Кейбір отбасыларда бала дінге өз еркімен емес, ата-анасының ықпалымен, тіпті мәжбүрлеуімен бет бұрады. Мәселе – намазда емес, мәселе – таңдау еркіндігінде.
Шариғатты білмей, дінді «қатаң ережелер жүйесіне» айналдыру – діннің мәнін жоғалту ғана емес, қоғам үшін де қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жағдайда балаға таңылған идеология, өзге сенімге төзбеушілік, өзгелерді «адасқан» деп санау – толерантты қоғамға қарсы бағыт. Бұл – радикалданудың алғашқы белгілері.
Соңғы жылдары мектептегі киім үлгісі төңірегінде пікірталастар ушығып отыр. Кей ата-аналар мектеп формасына қарсы шығып, қыз балаларына хиджаб киюге рұқсат берілуін талап етуде. Бұл – тек киім мәселесі емес. Бұл – құқық, тәртіп және мемлекет жүйесіне деген көзқарас туралы мәселе.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Ал мектеп – дін тарататын орын емес, білім беретін кеңістік. Сондықтан мектепте діни киімге, символика мен насихатқа жол берілмейді. Бұл – дінге тыйым салу емес, керісінше, білім мен тәртіпті сақтау, әрі баланың өз еркімен сенім таңдауын қорғау.
Дінге келген әр бала тыныш, сабырлы жолмен жүре бермейді. Кейде «ақиқат жолы» деп сеніп бастаған ізденісі, ақырында радикалды ағымдардың арбауына түсіп, опық жеумен аяқталып жатады. Бұл – жәй қауіп емес, қайғылы ақиқат. Өкінішке қарай, елімізде де мұндай ащы мысалдар аз емес.
Ақтөбе (2016) – Қарулы шабуыл жасағандардың басым бөлігі – 25 жасқа толмаған жастар. Бұл оқиға жеті адамның өмірін жалмап, ел жадында мәңгіге сақталды.
Алматы (2016) – Діни экстремизмнің уына уланған жас жігіттер бейбіт күнде полицияға шабуыл жасап, он адамның өмірін қиды.
Сирияға кеткендер – 500-ден астам қазақстандық азамат Сирия мен Ирактағы лаңкестік ұйымдарға қосылды. Көпшілігі – жап-жас жігіттер мен қыздар. Бірі оққа ұшты, бірі жат елдің түрмесінде, бірі қайғыдан қан жұтқан анасының үмітін бірге алып кетті.
«Балам мешітке барды деп қуандым. Кейін сабақтан суынып, «олар – кәпір» дей бастады. Ақыры… Сирияға кетті…» – дейді көзі жасаураған ана.
Мұндай оқиғалар – бейқамдықтың, бағытсыздықтың, ата-ана бақылауының әлсіреуінің салдары. Бұл – үнсіз қалуға болмайтын кезең.
Осыған орай Зайырлы қоғам заңы не дейді?
Заң – қоғамның арқауы. Қазақстан – зайырлы мемлекет, ал әрбір азаматтың дінге сенуі немесе сенбеуі – оның жеке құқығы. Бұл құқықтарды заң нақтылап көрсетеді:
Конституцияның 22-бабы – әр адам ар-ождан бостандығына ие.
«Білім туралы» заң – мектеп – діни мекеме емес, зайырлы білім ордасы. Онда діни киім мен насихатқа жол берілмейді.
Қылмыстық кодекс – діни алауыздық қоздыру, жат ағымдарға тарту – заң алдында жауапкершілікке әкелетін ауыр қылмыс.
Баланың еркіндігі – баға жетпес құндылық. Бірақ ол еркіндік – бақылаусыз, бетімен кеткен бостандық емес. Еркіндікті еркелікпен шатастырмау қажет. Егер бала өз сұрақтарына жауапты YouTube пен Telegram-нан, белгісіз чаттар мен күмәнді тұлғалардан іздесе – бұл алаңдатын сәт. Ол – сыртқы ықпалға, бөгде біреудің «тәрбиесіне» көшкен деген сөз.
Осындай сәтте ата-ана қандай қадам жасауы керек?
Бала дінге қызыға бастаса – үрейленбей, жылы қабылдап, түсінуге тырысу;
Сенімді, ресми діни орталықтармен байланыс орнатып, бағыт беру;
Өзінің де діни сауатын арттыру арқылы дұрыс жолды көрсету;
Ең бастысы – балаға сенім артып, ашық әңгіме құру, шынайы диалог орнату.
Мектептің міндеті:
Зайырлылық қағидатын берік ұстана отырып, білім мен ғылымды басты құндылық ретінде ұсыну;
Оқушыларға дінтану, құқықтық сауаттылық, медиа сауат секілді маңызды бағыттарды жүйелі түрде оқыту;
Бала бойындағы қауіп белгілерін дер кезінде байқап, ата-анамен бірлесе әрекет ету.
Қазіргі таңда білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан «Жаһандық құзыреттілік» бағдарламасы – жаңа ғасыр баласына қажетті бағыт-бағдар бола алады. ЮНЕСКО ұсынған бұл тұжырымдама бойынша:
Оқушы – мәдениетаралық түсіністікке ие болуы тиіс;
Өз сенімін берік ұстана отырып, өзгеге құрметпен қарауы керек;
Дінін сүйіп қорғай алатын, бірақ өзге сенімді кемсітпей, түсінуге ұмтылатын тұлға болуы қажет.
Жастар – бүгінгі қоғамның үні ғана емес, болашақтың болмысы. Олар – өз жолын қалыптастырып келе жатқан ізденімпаз ұрпақ. Сол жол – жарық әрі дұрыс болсын десек, біз оларға сенім мен білімнің тепе-теңдігін, еркіндік пен жауапкершіліктің үйлесімін көрсетуіміз керек.
Бізге керегі:
Радикалдық емес – рухани тұрақтылық,
Қысым емес – сананы ояту,
Бақылау емес – бағыттау.
Қазақта: «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді.
Біз бұл әңгімені үркіту үшін емес, сақтандыру үшін айтып отырмыз. Жас ұрпақтың амандығы – ұлттың болашағы. Сондықтан әр ата-ана, әр мұғалім, әр азамат – бұл мәселеде бейжай қалмауға тиіс.
Жауапты болайық. Тек өзіміз үшін емес – болашақ үшін.
Ақмола облысының Дін істері
басқарма басшысы
Касенов Болат Неғметжанұлы
