Депутат: Жаңа Конституция жобасындағы әр норма тәуелсіздікті қорғауға бағытталған

Автор: | 14 февраля, 2026

Жаңа Ата заң жобасы тұтастай елдің егемендігіне кепілдік береді. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында мәлімдеді.

Оның сөзінше, жаңа Конституцияға көшу жаңа бір тарихи кезеңге өтуге жол ашады.

— Тәуелсіздіктің тамырына балта шабуға жасалған қадамның барлығы заңнамалық тұрғыдан талқандалу керек. Жаңа Конституция жобасының 1-бабынан бастап, бүкіл 11 бөлім, 96 бабының барлығы тәуелсіздікті қорғауға бағытталған. Әдеби, мәдени, рухани, ғылыми тұрғыдан бастап, экономикалық тәуелсіздік, саяси тәуелсіздік, азаматтардың ар-ождан бостандығы, территориялық тәуелсіздік, өзге елдермен қарым-қатынас — осының барлығы жаңа Конституция жобасында қамтылған. Бұл — жаңа бір тарихи кезеңнің бастауы, — деді депутат.

Еске салайық, бұған дейін жаңа Конституция жобасы қазақ тілінде жатық жазылғаны жөнінде хабарлаған едік.