Біз бүгінде еліміздің дамуында маңызды бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп отырмыз. Әр азаматтан саналы ұстаным мен болып жатқан өзгерістерге терең түсіністік талап етіледі. Алдағы Референдум – жай ғана рәсім емес, мемлекетіміздің болашағын айқындайтын маңызды қадам.
Аға буын өкілі әрі депутат ретінде айтарым: қоғам өзгерген сайын оның Негізгі заңы да заман талабына сай жаңарып отыруы тиіс. Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтып, әділдік пен биліктің халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталуы қажет.
Жаңартылған Конституцияда адам құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше мән берілген. Заң алдындағы теңдік қағидаты күшейтіліп, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі артады. Бұл – мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайтудың берік негізі.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – еліміздің жоғары өкілді органы жаңа құрылымға көшуі. Парламент енді бір палаталы болып, тарихи атауға ие болады – Құрылтай.
Бұл қадам заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыруға, артық рәсімдерді қысқартуға және депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Бір палаталы жүйе қоғам үшін маңызды бастамаларды жедел қарауға, азаматтардың сұранысына дер кезінде үн қатуға және шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Құрылтай» атауы халқымыздың тарихымен тығыз байланысты. Көне дәстүрде құрылтай – ел тағдырын шешетін, бірлік пен тұтастықты айқындайтын ұлы жиын болған. Осы атаудың жаңғыруы ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, заманауи халықтық басқару үлгісін қалыптастыруға деген ұмтылысты білдіреді.
Сонымен қатар, Ұлттық Құрылтай мен Халық кеңесі сияқты қоғамдық диалог алаңдарының рөлі де арта түседі. Бұл құрылымдар азаматтардың пікірін ескеріп, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға қызмет етеді.
Мен үшін ең бастысы – қабылданатын өзгерістердің нақты адамдардың игілігіне жұмыс істеуі. Құқық пен бостандық қағаз жүзінде ғана емес, өмірде де қорғалуы тиіс. Заң үстемдігі – мемлекет тұрақтылығының кепілі.
Референдум – халық егемендігінің айқын көрінісі. Жаңартылған Конституцияны қолдау арқылы біз басқару жүйесінің тиімділігін арттыруды, өкілді биліктің беделін күшейтуді және азаматтардың ел тағдырына белсенді қатысу мүмкіндігін кеңейтуді таңдаймыз.
Бүгін біз болашақ үшін, әділеттілік пен тұрақтылық үшін саналы шешім қабылдауымыз қажет.
Ақкөл аудандық мәслихатының депутаты
Өмірбаев Бауыржан Досанұлы
