Мен – өмірдің талай белесін көрген, еліміздің қалыптасу кезеңдеріне куә болған аға буын өкілімін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды да, ел еңсесінің көтерілген сәттерін де көрдік. Бүгінгі таңда қолға алынған жаңа Конституция жобасы – уақыт талабынан туған, мемлекетіміздің одан әрі дамуына бағытталған маңызды қадам деп санаймын.
Жаңа Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтарына айрықша мән берілген. Әр азаматтың өмір сүруге, еркін еңбек етуге, білім алуға, пікір білдіруге және заң алдында тең болуға құқығы нақты әрі айқын көрсетілген. Бұл – мемлекетіміздің басты құндылығы адам және оның өмірі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Заңның алдында бәріміз теңбіз, ал мемлекет әр азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға міндетті.
Сонымен қатар, Парламенттің бір палаталы болып, жаңа атаумен – Құрылтай ретінде жұмыс істеуі – халық үніне жақын, ықшам әрі тиімді заң шығару жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бір палаталы құрылым шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, жауапкершілікті нақтылай түседі. Бұл – мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың маңызды тетігі.
Жаңа Конституцияда Халық кеңесінің рөлі де айқындалған. Халық кеңесі қоғам мен билік арасындағы ашық диалог алаңына айналып, маңызды мәселелерді талқылауға, ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді. Бұл – азаматтардың ел тағдырына белсенді араласуына жол ашатын маңызды институт.
Біздің буын үшін ең қымбат ұғымдар – бейбітшілік пен келісім. Тәуелсіздіктің басты жетістігі – ел ішіндегі тұрақтылық пен татулық. Жаңа Конституция осы құндылықтарды сақтауға және нығайтуға бағытталған. Әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі – біздің ортақ байлығымыз.
Сондықтан мен барша азаматтарды Референдумға қатысып, ел болашағына бейжай қарамауға шақырамын. Конституция – тек заңдар жинағы емес, ол – мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын басты құжат. Болашағымыздың баянды, ұрпағымыздың өмірі жарқын болуы үшін әрқайсымыз жауапкершілік танытуымыз керек.
Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Ақкөл аудандық мәслихатының төрағасы
Абаханов Сағандық Шәкірұлы
