Болашақты таңдау – ұлттық құндылықтарды сақтау

Автор: | 28 февраля, 2026

 

Мен қазақ даласының тәрбиесін көріп, салт-дәстүрін бойына сіңіріп өскен ұрпақтың өкілімін. Ұстаз ретінде саналы ғұмырымды жас ұрпақ тәрбиесіне арнадым. Сондықтан ел болашағына қатысты әрбір маңызды шешім мен үшін айрықша жауапкершілік жүктейді.
Алдымызда тұрған Референдум – жай ғана саяси науқан емес. Бұл – мемлекетіміздің келешегін айқындайтын тарихи таңдау. Жаңартылған Конституция – елдің берік іргетасы, әділетті қоғам құрудың негізі.
Қазақ халқы ежелден бірлікті, татулықты, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді басты құндылық санаған. Кең байтақ далада бейбітшілік пен келісімнің қадірін біліп өмір сүрген. Бүгінгі таңда да ең басты байлығымыз – ел ішіндегі тұрақтылық пен ұлтаралық келісім. Осы құндылықтарды сақтау – әр азаматтың парызы.
Жаңартылған Конституцияда адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқын көрсетіледі. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтудың маңызды қадамы. Әділеттілік пен жауапкершілік қағидаттарының күшеюі – болашақ ұрпақ үшін берік негіз.
Ұстаз ретінде мен үшін ең маңыздысы – жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру. Патриотизм ұранмен емес, тәрбие арқылы орнығады. Ол – туған жерге деген сүйіспеншіліктен, ана тіліне құрметтен, тарих пен мәдениетке адалдықтан басталады. Біз жас ұрпаққа тек құқықтарын ғана емес, ел алдындағы жауапкершілігін де түсіндіруіміз керек.
Бүгінгі шешім – ертеңгі тағдыр. Ана әрі әже ретінде мен балаларымыздың бейбіт, тұрақты, әділетті елде өмір сүргенін қалаймын. Өзара сыйластық пен келісім үстемдік еткен қоғам – мықты мемлекеттің кепілі.
Жаңартылған Конституцияны қолдау арқылы біз ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, заман талабына сай дамуға қадам жасаймыз. Бұл – болашаққа сеніммен қараудың, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінудің көрінісі.
Еліміздің бірлігі бекем, іргесі берік болсын.
Болашағымыз жарқын болсын.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің Ақкөл ауданы бойынша филиалы төрайымы
Ахтышхан Ханша