Алимент, цифрландыру және жауапкершілік: Ақмола облысында атқарушылық өндіріс қалай өзгеруде

Автор: | 13 апреля, 2026

Биылғы жылдың бірінші тоқсаны Ақмола облысы үшін атқарушылық өндіріс саласында аралас нәтижелермен ерекшеленді. Бір жағынан, бірқатар көрсеткіштер жоспардан асыра орындалса, екінші жағынан, алимент өндіру және жалақы қарыздарын өтеу бағытында шешімін күткен мәселелер әлі де бар. Бұл туралы Ақмола облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Еркін Кабышев мәлімдеді.
Мәжбүрлеп орындау саласында толық көлемде орындалған атқарушылық құжаттардың үлесі 72,6 пайызды құрап, жоспарлы көрсеткіштен жоғары болды. Алайда жалпы аяқталған өндірістердің үлесі небәрі 15,4 пайызды көрсетіп, жоспардан айтарлықтай төмен қалып отыр.
Әсіресе жалақы өндіріп алу бағытында көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Мұнда аяқталған өндірістердің үлесі 11,7 пайыз ғана болса, толық орындалғандарының деңгейі 54,5 пайызды құрады. Бұл – азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселесі әлі де өзекті екенін аңғартады.
Есепті кезеңде алимент өндіру бойынша атқарушылық істер саны 12 074-тен 12 953-ке дейін артқан. Бұл – әлеуметтік жауапкершілікке қатысты мәселелердің өзектілігін көрсетеді.
Сонымен қатар оң өзгерістер де бар. Проблемалық алименттер саны 531-ден 513-ке дейін азайса, мүлде төленбейтін берешектер 208-ден 187-ге дейін төмендеген.
«Борышкерлермен жұмыс та күшейтілген: 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 10 адам қамауға алынды .25 адамға айыппұл салынды.6 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді», — спикер.
Бұдан бөлек, жұмыссыз борышкерлерді еңбекке тарту мақсатында 3 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 14 адам жұмыспен қамтылды.
Дегенмен негізгі мәселе – борышкерлердің тұрақты табысының жоқтығы мен жауапкершіліктен жалтаруы болып отыр. Кейбірі тіпті мекенжайын жасырып, іздеуге жарияланады.
Бұл бағытта атқарушылық істер саны да, қаржылық көлемі де айтарлықтай өскен. Жеке сот орындаушыларында 43 мыңнан астам іс қаралып, жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асты. Нақты өндірілген қаражат көлемі де өткен жылмен салыстырғанда көбейген.
Жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылау да күшейтілді. 34 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде 26 сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл – саладағы тәртіп пен сапаны арттыруға бағытталған қадам.
Саладағы маңызды жаңалықтардың бірі – цифрландыру. 2024 жылдан бастап енгізілген «Сот орындаушысының роботы» пилоттық жобасы өз нәтижесін көрсетуде.
2026 жылдың алғашқы үш айында жеңілдетілген өндіріс аясында 16 мыңнан астам іс электронды түрде қаралған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары.
«Сонымен қатар 2025 жылдың шілдесінен бастап іске қосылған «Тараптардың кабинеті» сервисі азаматтарға:іс материалдарын онлайн көруге. Өтініш жолдауға. Қарызды қашықтан төлеуге мүмкіндік береді Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеп, ашықтықты арттыруға ықпал етуде.», — деді Еркін Кабышев.
Жалпы алғанда, Ақмола облысында атқарушылық өндіріс саласында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Кейбір бағыттарда оң динамика байқалғанымен, алимент өндіру, жалақы қарыздарын өтеу және өндірістерді аяқтау деңгейін арттыру сияқты мәселелер әлі де өзекті.
Алдағы кезеңде негізгі назар борышкерлерді жұмысқа тарту, жауапкершілікті күшейту және цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуге бағытталмақ.