Ұстаздар күні қарсаңында Ақкөл қаласындағы Жайық Бектұров атындағы №3 қазақ орта мектебінің бір бұрышы жаңа кейіпке енді. Мұндағы оқушылардың енді өз «Коворкинг» орталығы бар. Бұл олардың сабақтан тыс кезінде жиналатын зияткерлік демалыс орны. Балалар жұмсақ орындықтарға отырып дем алады, сөреге қойылған кітаптарды оқып ой-өрісін кеңейтеді. Теледидардан қызықты бағдарламалар мен сүйікті мультфильмдерін тамашалайды. Демалыс аумағын жасақтауға мектептің 2006 жылғы түлектері ниет танытыпты. Бұл олардың биылғы балалар жылына орай оқушыларға деген сыйлығы, алтын ұяларына, өздерін тәрбиелеп білім нәрін берген ұстаздар қауымына деген алғыстары. Қазір еліміздің түрлі өңірінде әр салада еңбек етіп жүрген түлектердің қатысуымен мектептің 10-11 сынып оқушыларымен кездесу өткізілді. Олар үлкен өмірге жаңадан қадам басқалы отырған іні-қарындастарына мамандық таңдау бойынша жөн сілтеп, кеңестерін айтты. Бұл ресми шара болмағанымен өздері осы істеріне «мың алғыс акциясы» деп ат қойыпты. Онысы мақтаныш үшін емес. Өздерінен кейінгі түлектерге үлгі болсын деген ниетпен. Челенджді енді соларға ұсынамыз деп тарқасты.



