Конституциялық реформалардың жүзеге асырылуы еліміздің саяси жүйесін одан әрі жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Ардагерлер атынан айтарым, аға буын өкілдері Конституцияға әрдайым ерекше құрметпен қарайды. Біз еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасуы мен дамуына куә болып қана қоймай, оның экономикасын, ауыл шаруашылығын, білім беру жүйесін, денсаулық сақтау саласын дамытуға өз үлесімізді қостық. Сондықтан еліміздегі кез келген оң өзгеріс заңға негізделіп, халықтың мүддесіне қызмет етуі тиіс деп есептейміз.
Жаңартылған Конституция әділетті мемлекет құру жолындағы реформалардың жалғасы болды. Ата Заңда адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыруға және азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына ерекше назар аударылған. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мен қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдірудің маңызы зор. Ауыл тұрғындары өз елді мекендерінің дамуына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне, жастарды қолдауға және қоғамдық келісімді нығайтуға белсенді атсалыса алады. Бұл – жауапты азаматтық қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.
Ардагерлер кеңесі үшін жас ұрпақ тәрбиесі әрқашан басты міндеттердің бірі болып келеді. Біз жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, заңға құрметті, мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді және ел тарихын білуге деген қызығушылықты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. Себебі заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары ұрпақ қана еліміздің жарқын болашағын қалыптастыра алады.
Конституция – Қазақстандағы барлық азаматтарды біріктіретін құндылық. Ол заң алдындағы теңдікті қамтамасыз етеді, адам құқықтарын қорғайды және қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтады. Осындай құндылықтардың арқасында еліміз тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап келеді.
Бүгінде Қазақстанның алдында экономиканы әртараптандыру, цифрлық технологияларды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру сияқты маңызды міндеттер тұр. Бұл мақсаттарға жету үшін әрбір азамат заң талаптарын сақтап, ел дамуына белсенді үлес қосуы қажет.
Ардагерлер қауымы еліміздің тұрақты дамуына, қоғамдық келісімнің сақталуына және жас ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуына әрдайым қолдау көрсетеді. Конституция қағидаларын өмірде тиімді жүзеге асыру арқылы біз құқықтық мемлекетімізді нығайтып, келер ұрпаққа қуатты, бірлігі бекем және өркендеген Қазақстанды аманаттай аламыз.
Мананбаева Айжан Кенжебайқызы
Ақкөл ауданының Құрметті азаматы, Ақкөл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
