Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесімен қатар радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағытта радиациялық бақылау, персонал мен халықты қорғау, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және атом саласына қажетті білікті кадрларды даярлау жұмыстары қатар жүргізілуде. Атом энергиясы мен иондаушы сәулелену көздерін пайдалану ғылымның, өнеркәсіптің және медицинаның заманауи дамуының маңызды бөлігі болып саналады. Радиациялық технологиялар ауруларды диагностикалау мен емдеуде, ғылыми зерттеулер жүргізуде, өнім сапасын бақылауда, медициналық бұйымдарды стерилдеуде, геофизикалық жұмыстарды орындауда және басқа да көптеген салаларда қолданылады.
Бұл ретте иондаушы сәулелену көздерін пайдаланудың кез келген түрі тиісті жауапкершілікті және белгіленген талаптардың қатаң орындалуын талап етеді. Радиациялық қауіпсіздік – бұл жекелеген іс-шара немесе бір реттік тексеру емес, қызметкерлерді, тұрғындарды және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тұрақты жұмыс істейтін жүйе.
Мұндай жүйенің негізі өзара байланысты үш бағыты бар: радиациялық бақылау, қажетті қорғаныс шараларын қолдану және мамандарды кәсіби даярлау. АЭС-ның маңызы
Заманауи әлемде электр қуатын пайдаланбай жұмыс істеу мүмкін емес. Жыл сайын электр энергиясын тұтыну артып келеді. Ал су электр станциялары, жел, күн, және көмір станциялары сияқты энергия тасымалдаушылар электр энергиясын өндірудің тұрақты өсуін қамтамасыз ете алмайды. Қазақстанда электр энергиясын өндірудің негізгі көзі – отын ретінде көмір, газ және мазут пайдаланатын жылу электр станциялары. Ал бұл атмосфераға СО2 таралуын тудырады. Жалғыз тұрақты және қауіпсіз электр энергиясының көзі атом станциясы бола алады.
Қазақстан ядролық қару арсеналынан бас тартып, ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты, ядролық қаруды таратпау туралы шартты, ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияны, пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріктірілген конвенцияны ратификациялады. Семей сынақ полигоны (ССП) 1991 жылдан бастап жабылды. ССП радиологиялық тексеріс жүргізілді, сонымен бірге ССП аумағындағы жерлердің көп бөлігін халық шаруашылығына пайдаланды.
Әлемдегі алғашқы атом электростанциясы (АЭС) 1954 жылы 26 маусымда іске қосылды. Бұл Кеңес Одағында салынған әйгілі Обнинск атом электр станциясы. Және де 70 жыл бойы атом электростанциялары бүкіл әлемде пайдаланылып келеді. Қазіргі уақытта әлемде 192 атом станциясы бар. Жалпы оларда 438 энергия блок орналасқан. Олар 31 елдің аумағында орналасқан. Бұл ретте атом энергиясын өндіру бойынша айқын көшбасшы АҚШ болып отыр. Аталған елдегі энергия блоктарының жалпы қуаты 100 ГВт астамды құрайды. Бұл әлемдік энергия өндірісінің төрттен бірінен сәл ғана асады.
Бақылау – қауіпсіздік негізі
Қазақстанда атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясат пен реттеуді Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі жүзеге асырады. Атом энергиясын пайдалану объектілерінің қызметіне мемлекеттік қадағалау мен бақылауды Агенттіктің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті жүргізеді.
Қазақстан заңнамасында қызметті лицензиялауға, иондаушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылауға, олардың сақталуын қамтамасыз етуге, радиациялық бақылау жүргізуге, персоналды даярлауға, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге және ықтимал болатын радиациялық апаттарға ден қою бойынша талаптар белгіленген.
Алайда қауіпсіздік ең алдымен ядролық, радиациялық немесе электрфизикалық қондырғыларды пайдаланатын ұйымның өзінде қамтамасыз етіледі. Ұйым басшылығы қауіпсіз жұмыс істеуге қажетті жағдайларды жасауға жауапты, ал мамандандырылған бөлімшелер радиациялық қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау жүргізеді.
Радиациялық бақылау персоналды жеке дозиметрлік бақылауды, жұмыс орындарындағы доза қуатын өлшеуді, беттердің, жабдықтар мен арнайы киімдердің радиоактивті ластануын бақылауды, қоршаған орта объектілеріндегі радионуклидтердің мөлшерін бағалауды, сондай-ақ радионуклидтердің шығарындылары мен төгінділерін бақылауды қамтиды.
Алынған нәтижелер тек есеп беру көрсеткіштері ретінде қарастырылмауы тиіс. Олардың негізгі мақсаты – радиациялық жағдайдың өзгеруін уақтылы анықтау, қолданылатын қорғаныс шараларының тиімділігін бағалау және алдын алу әрекеттерін қабылдау.
Заманауи бақылау жүйесі сенімді өлшеулерге негізделуі тиіс. Ол үшін тексеруден өткен өлшеу құралдары, бекітілген әдістемелер, радиациялық мониторингтің автоматтандырылған жүйелері және зертханалық талдау әдістері қолданылады. Нәтижелерді дұрыс түсіндіру және мамандардың оларды жеке-дара емес, технологиялық процестің ерекшеліктерін ескере отырып, бағалай білу қабілеті ерекше маңызды.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) ядролық оқиғалардың халықаралық шкаласын (INES) енгізді – бұл ядролық энергияны пайдаланатын және атом станциялары бар барлық мемлекеттерде апаттар мен оқиғаларды саралап қабылдау, оларды бірмәнді (бірдей) сипаттау және бағалау мақсатында енгізілген шкала. INES шкаласы бойынша ядролық және радиологиялық апаттар мен оқиғалар 7 деңгейге жіктеледі. Ең жоғары 7-ші деңгей бойынша тек екі апат бағаланды (Чернобыль, 1986 жыл және Фукусима-1 АЭС-ғы апат, 2011 жыл).
Ядролық физика институтында 50 жылдан астам уақыт бойы ССР-Қ зерттеу реакторы (қазақстандық су-сулы реакторы) жұмыс істеп келеді. ССР-Қ 1967 жылы пайдалануға берілді және зерттеу реакторының қалыпты жұмысынан ешқандай ауытқулар болған жоқ. Бірінші кезекте реактор іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер үшін пайдаланылады, сондай-ақ реакторда өнеркәсіп пен медицина үшін радиоизотоптар өндірісі жолға қойылған.
Қазақстанда су-сулы реакторы типіндегі атом станциясын салу қарастыруда. Көпжылдық пайдалану тәжірибесі бұл реактор түрінің жоғары сенімділігі мен қауіпсіздігін көрсетті. Чернобыль АЭС-да және Фукусима-1 станциясында орын алған апаттар тиісінше ҮҚАР (үлкен қуатты арналық реактор) және қайнаған су реакторларына жатады.
Персонал мен халықты қорғау
Радиациялық қорғаныс қызметті негіздеу, сәулелену дозаларын шектеу және қорғауды оңтайландыру қағидаттарына негізделеді. Бұл иондаушы сәулелену көздерін пайдалану н…
