Президенттің айтуынша, елімізде жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру — маңызды міндеттердің бірі. Менің ойымша, бұл міндетті жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардың жұмысы мен қатар әр азаматтың жеке жауапкершілігі де қажет.
Тазалықты сақтау тек сенбілік өткізу немесе белгілі бір аумақты бір рет жинаумен шектелмеуі тиіс. Ол адамның күнделікті әдетіне айналуы керек. Қоқысты белгіленген орынға тастау, табиғатты қорғау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау және айналамыздағы адамдардың еңбегін құрметтеу — мәдениетті қоғамның негізгі белгілері.
«Таза Қазақстан» бастамасы адамдарды ортақ мақсатқа біріктіреді. Туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу арқылы біз өз еліміздің болашағына қызмет етеміз. Сондықтан әр азамат бұл бастаманы қолдап қана қоймай, оны күнделікті өмір салтына айналдыруы қажет деп есептеймін.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің Ақкөл ауданы бойынша филиалы төрайымы
Ахтышхан Ханша
