«Таза Қазақстан» бастамасын мен ең алдымен адамдарды ортақ іске жұмылдыратын маңызды қоғамдық қозғалыс ретінде қабылдаймын.

Автор: | 28 сентября, 2026

Тазалық – барлығымызға ортақ құндылық. Үйіміздің таза болғанын қалайтынымыз сияқты, көшелеріміздің, аулаларымыздың, саябақтарымыздың, су айдындарының және табиғи аумақтардың да таза болғанын қалауымыз заңды. Бірақ бұл үшін тек тазалық қызметтеріне немесе мемлекеттік органдарға сеніп отыру жеткіліксіз. Әр адамның өзінің үлесі болуы керек.

Осындай іс-шаралардың тағы бір маңызды жағы – адамдардың бір-біріне деген жауапкершілігін арттыруы. Сенбілікке әртүрлі жастағы тұрғындар, жастар, мемлекеттік қызметшілер, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар және белсенді азаматтар бірге қатысқанда, ортақ мақсат қалыптасады. Адамдар өздері тазалаған аумақты кейін қайта ластамауға тырысады. Өйткені өз қолымен жасаған еңбегінің нәтижесін көрген адам оның қадірін жақсы түсінеді.

Меніңше, «Таза Қазақстанның» ең үлкен нәтижелерінің бірі – жас ұрпақтың тәрбиесіне әсері. Қазіргі балалар мен жастар – еліміздің ертеңгі иелері. Сондықтан оларға табиғатты қорғау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты құндылықтарды ерте жастан үйрету қажет. Мұны тек сынып сағаттарында немесе дәрістерде айтып қана қоймай, нақты істер арқылы көрсету әлдеқайда тиімді. Бір тал отырғызу, аумақты тазарту, гүл егу немесе табиғи нысанды қоқыстан қорғау – тәрбиенің қарапайым, бірақ әсерлі түрі.

Сонымен қатар экологиялық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Бұл – тұрақты жұмысты қажет ететін процесс. Сондықтан «Таза Қазақстан» аясындағы іс-шаралар жүйелі түрде жалғасып, әрбір елді мекенде нақты нәтижеге бағытталуы маңызды. Тұрғындар тазалық жұмыстарына тек қатысушы емес, өз аумағының тазалығына жауапты азамат ретінде қарауы керек.

Таза әрі көрікті елді мекен – сол жерде тұратын адамдардың мәдениеті мен ортақ жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан «Таза Қазақстан» идеясын қолдау – табиғатты қорғауға ғана емес, өзімізге, балаларымызға және болашақ ұрпаққа деген қамқорлық деп есептеймін. Абаханов Сағындық Шәкірұлы Ақкөл аудандық мәслихатының төрағасы