Президенті Бірлескен декларация қабылдады Қазақстан Республикасының Президенті мен Германия Федеративтік Республикасы Президентінің Бірлескен Декларациясы
Германия Федеративтік Республикасының Президенті Жоғары Мәртебелі Франк-Вальтер Штайнмайер мырзаның шақыруы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев мырза 2026 жылғы 29-30 қыркүйекте Германия Федеративтік Республикасына ресми сапар жасады. Осыған орай екі Президент мынадай Бірлескен декларацияны қабылдайды:
Президенттер Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасында қалыптасқан табысты ынтымақтастықты жоғары бағалайды.
Отыз жылдан астам уақыт ішінде орныққан табысты ынтымақтастық тәжірибесін, өзара сенім және жоғары деңгейдегі саяси диалог қарқынды ілгерілеп келе жатқанын негізге ала отырып, олар тығыз ынтымақтастықтың жалғасуын оң бағалайды.
Олар қол жеткізілген прогресті мойындап, демократия, құқық үстемдігі, адам құқықтарын қорғау, инвестициялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сот жүйесінің тәуелсіздігі және орнықты даму қағидаттарын сақтай отырып, тұрақты құқықтық және қолайлы экономикалық орта қалыптастыру үшін өз елдеріндегі реформаларды жалғастырудың және одан әрі жаңғырту жұмыстарының маңыздылығын атап көрсетеді.
Президенттер 2023 жылғы 29 қыркүйекте Берлинде өткен «Орталық Азия – Германия» бірінші саммитінде негізі қаланған және 2024 жылғы 17 қыркүйекте Астанада өткен екінші саммитте одан әрі дами түскен Орталық Азия мен Германия арасындағы Стратегиялық өңірлік әріптестікті қолдайтындарын растайды. Олар осы форматта 2026 жылғы 11 ақпанда Берлинде өткен Сыртқы істер министрлері кездесуінің қорытындыларын жоғары бағалап, жақын арада үшінші саммитті өткізу жоспарын құптайды.
Тараптар өңірдің дербестігін, орнықтылығын және әл-ауқатын нығайтуға ықпал ететін Орталық Азия мемлекеттері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың кеңеюін қуаттайды.
Президенттер көпжақты ынтымақтастыққа, сондай-ақ барлық мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеуді қоса алғанда, халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына бейіл екендерін растайды. Олар даулар мен қақтығыстарды бейбіт, саяси және дипломатиялық құралдармен реттеудің маңыздылығын атап көрсетеді.
Мемлекеттер басшылары, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына сәйкес Украинада жан-жақты, әділ және берік бейбітшілікке тезірек қол жеткізу қажеттігін атап көрсетеді.
Президенттер сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты ықпалдастықтың басты негізінің бірі ретінде қарастырады. Олар өзара тауар айналымын ұлғайтуға, жеткізілетін өнімдер номенклатурасын кеңейтуге, инвестициялар көлемін арттыруға және өндірісті жергіліктендіруге мүдделілік танытатынын растайды.
Мемлекеттер басшылары Қазақстандағы герман компанияларының, оның ішінде шағын және орта кәсіпорындардың қызметіне қолайлы жағдай жасау мақсатында қабылданған шараларды құптап, осы бағыттағы реформаларды одан әрі жалғастыруды қолдайды. Олар герман, еуропалық және халықаралық нормаларды ескере отырып, стандарттау саласындағы тәсілдерді жақындастыруға ортақ мүдделілік танытатынын атап өтеді.
