Сот жүйесіне еңбегі сіңген ардагер

Автор: | 15 июня, 2022

Балуан Нұрғалиұлы Махметов  1949 жылы 9 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысының Жаңа-жол ауылында дүниеге келген. Әскерден келгесін Алматыға кетіп, сонда Қазақстан мемлекеттік университетінің заң факултетін сырттай бітірген.  Оқуын бітіргесін  бұрынғы Целиноград облысының Атбасар ауданына жолдамамен келіп, өзінің еңбек жолын сол ауданда адвокат қызметінен бастаған.  Сол жерде өзінің білімін шыңдап, 2 жыл тәжірибе жинаған. Өзін білікті маман-заңгер екенін көрсете  білгендіктен, жақсы жұмысы үшін оны прокуратураға, сотқа жұмысқа шағырған.  Өзінің еңбекқорлығының арқасында  оны бұрынғы Целиноград ауданының Алексеевка аудандық  халық сотының, қазіргі Ақкөл аудандық сотының судьясы қызметіне сайлаған. Б.Н.Махметовтың адал, әділ, білікті, қарапайым, еңбек сүйгіштігінің арқасында, өзінің таңдаған мамандығына жауапкершілікпен қарағандықтан, оған адамдардың тағдырын шешуді сеніп, оны халық таңдаған.

Балуан Нұрғалиұлы Махметовтың көпжылғы мінсіз еңбегі үшін Ақмола облыстық сотының Судьялар Одағының, Ақмола облыстық сотының, Жоғарғы Сот  басшыларының, аудан басшыларының тарапынан құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен, медальдарымен марапатталған.  Қазіргі кезде де  сол еңбегі мен жетістіктері үнемі сот саласының қызметкерлерінің назарында.

Судья лауазымы ең жоғарғы жауапкершілікті талап етеді, сондықтан  тек жанжақты дамыған, кәсіби дайындалған, білімді, өмірлік тәжірибесі жеткілікті, төзімді және  мінезі мен еркі  мықты адам бола алады. Судья қызметін атқарғанда Балуан Нұрғалиұлы Махметовта  осы қасиеттердің бәрі  болды.

2010 жылдың 1 қарашасы күні Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Балуан Нұрғалиұлы құрметті отставкаға шықты, ал 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты мемлекеттік зейнетақымен қоса Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен өмір бойы материалдық ұстау тағайындалды.

Балуан Нұрғалиұлы Махметов  үш бала өсіріп, барлығын аяғына тұрғызған,  қазіргі кезде балалары өз алдына отау құрып, олардан 7 немере сүйіп отыр.

24 маусым Судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ардақты ардагеріміз Балуан Нұрғалиұлы Махметовқа  зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз.

Ақкөл аудандық сотының кеңсе меңгерушісі   Г.Мұздыбаева.