Қадірлі аудан тұрғындары! Қымбатты қауым! Шілденің бірінші жексенбісі күні атап өтілетін Ұлттық домбыра күні баршамызға құтты болсын!

Автор: | 29 июня, 2022

Домбыра – қазақ үшін тұтастай бір әлем, оның бүкіл өмірі. Халықта қазақтың жаны күмбірлеген домбыраның үнімен өмір сүреді деген сөз бар. Ақан мен Біржан, Құрманғазы мен Дина, Махамбет пен Жамбыл, Балуан Шолақ, Әміре деп тізе берсек толастамайтын тұлғалардың мұрасы, қуаныш пен мейірім төгетін құралы да осы қара домбыра. Ғасырлардан ғасырларға жеткен асыл мұрамыз туралы тебіреніп айтар әңгіме көп. Домбырада біздің халықтың өткені мен бүгіні жатыр. Әр қазақтың үйінің төрінде ойып тұрып орын алған киелі аспабымыз арқылы әсем ән мен тәтті күйді естіп өстік. Сол бір баға жетпес байлығымыз арқылы өзіміздің төл өнеріміз айтысты да бүкіл әлемге паш еттік.

Парижде 1925 жылы «EXPO-1925» шеңберінде өткен ән өнері мерекесіне Әміре Қашаубаев та қатысып, өз өнерін ортаға салған болатын. Атаулы концертке қатысқан қазақ әншісі Әміре, домбырамен ән айтқанда, залдағы халық орындарынан тұрып қол соқты. Оның айтқан «Балқадиша», «Жалғыз арша», «Ағаш аяқ» тағы басқа әндері жергілікті көрермендердің көңілінен шыққан еді. Міне біздің кешегі өткен аталарымыз домбыраның күмбірлеген күйімен Париж аспанын әуелетіп, халықты тәнті еткен. Бүгін де сол аталарының ізін жалғап өнерлі өрендер өсіп келеді. Сол жастарымыз да өңіріміздің, еліміздің даңқын асқақтатып, Қазақ елін жер-жаһанға таныта берсін демекпін!

Құрметті ағайын, сіздерді шын пейілмен ұлттық домбыра күнімен құттықтай отырып, Ұлттық өнеріміз бен ұлы мұрамыздың ғұмыры ұзағынан болсын! Еліміздің әні, күйі, жыры таусылмай, қазақтың қара домбырасы қазақ халқымен бірге жасай берсін! Еліміздің төрі ырысқа, іші ынтымаққа толы болсын!

Ақкөл ауданының әкімі, Ю. Курушин