Конституцияның преамбуласы нақты әрі жан-жақты жазылған. Бұл туралы «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында саясаттанушы Индира Рыстина айтты.
— Преамбуланың не екенін және оны өмірде қалай пайдалануға болатынын қарапайым түрде түсіндіруге болады. Мәселен, мектеп оқушысы «біз кімбіз?» деген сұрақ қойса, оған ел ішінде де, шетелде де Конституцияның преамбуласын көрсету жеткілікті. Себебі онда біздің тарихымыздың бар екені, қандай қоғамда өмір сүріп жатқанымыз және қандай принциптерге сүйене отырып, қандай қоғам құрғымыз келетіні нақты жазылған, — деді ол.
Оның айтуынша, преамбула тек кіріспе мәтін ғана емес, елдің ұстанымдары мен бағыт-бағдарын айқындайтын бөлім.
— Ең қарапайым түрде айтқанда, онда әділетті Қазақстан қандай болуы керек, қандай тәртіп пен қағидаттарға негізделуі тиіс екені көрсетілген. Егер әрбір бала осы ұстанымдарды кішкентайынан бойына сіңірсе, онда Конституцияның талаптары да орындалады деген сөз, яғни, преамбулада біздің басымдық беретін принциптеріміз анық көрініс тапқан, — деді Индира Рыстина.
Сарапшының сөзінше, әр елдің преамбуласы мазмұны жағынан әртүрлі болғанымен, мәні ұқсас.
— Қай мемлекет болса да, преамбулада өзінің тарихы, қай бағытта дамып келе жатқаны және қандай мемлекет құрғысы келетіні туралы айтылады. Кейбір елдер оны қысқа ғана жазады, ал кейбірі аңызға ұқсас кең түрде баяндайды. Ал Қазақстанда преамбула қарапайым тілмен, тіпті мектеп оқушысына да түсінікті етіп жазылған. Онда «біз қайдан шықтық, біз қандаймыз және біз қайда бара жатырмыз?» деген негізгі сұрақтарға нақты жауап берілген, — деді ол.
Айта кетейік, Kazinform агенттігінің YouTube арнасында «Референдум-2026» онлайн-марафоны тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.
https://kaz.inform.kz/news/preambula-nakti-ar-zhan-zhakti-zhazilgan-indira-ristina-e2796e/
