Конституция жобасының Преамбуласы пассионарлық рухта жазылған. Бұл туралы «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты.
– 30 жылдың ішінде заман өзгерді. Жаңа қазақ мемлекеттігін қалайтын жастар пайда болды. Осы уақыт аралығында қазақтың жаңа саяси ұрпағының пайда болуына байланысты Қазақстан Конституциясының Преамбуласын өзгерту қажеттігі туды. Өйткені, 30 жылдың ішінде қазақтың салт-дәстүріне, ежелден келе жатқан пассионарлық күшіне және сонымен бірге қазақтың сол заманда дүниені дүр сілкіндірген пассионарлық күштің мирасқоры екеніне тарихи дәлелдер пайда болды. Бұл тарихи дәлелдерді Негізгі заңға енгізу – бүгінгі таңдағы өмір заңдылығы әрі өте өзекті. Сондай-ақ болашақ ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанды ары қарай алып жүруі үшін үлкен күш керек. Сол күш Конституция жобасының Преамбуласында пассионарлық рухта жазылған, — деді ол.
Оның атап өтуінше, Конституция жобасы алдағы 50 жылға бағытталған идеология саналады.
– Сондықтан Ата заңның Преамбуласы юрисдикциялық құжат емес, болашаққа бағытталған рухани-идеологиялық үлкен тұжырымдама, — деді Ерлан Саиров.
Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған ақпараттық алаң – «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында Қазақстан Заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай Конституция жобасы алдымен қазақ тілінде ұғынықты жазылып, кейін ресми тілге аударылғанын айтқан еді.
https://kaz.inform.kz/news/senat-deputati-zhana-ata-zan-zhobasi-nagiz-haliktik-konstitutsiya-152e9c
