Заңсыз көшеттер: Ақмола облысында құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру фактісі анықталды

Автор: | 8 июня, 2026

 

Ақмола облысында полиция қызметкерлері құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісін тоқтатты. Бұзушылық «Қарасора-2026» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында анықталды.

Полиция қызметкерлерінің анықтамасы бойынша, Жақсы ауданы Белағаш ауылының 39 жастағы тұрғыны өз учаскесінде қарасора өсірумен айналысқан. Дәстүрлі бау-бақша дақылдарының орнына ауыл тұрғыны құрамында есірткі бар өсімдіктердің заңсыз плантациясын ұйымдастырған.

Өткізілген іс-шаралар барысында полицейлер 79 қарасора бұтасын тауып, тәркіледі. Барлық өсімдіктер тиісті сараптамаға жіберілді.

Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын анықтап, тыйым салынған өсімдіктерді өсіру мақсатын анықтауда.