Жаңа Конституция – қуатты әрі әділетті Қазақстанның берік негізі

Автор: | 2 июля, 2026

 

Қазақстан Республикасы Жаңа Конституциясының күшіне енуі – еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Негізгі заң мемлекеттің стратегиялық даму бағдарларын айқындап, заң үстемдігі, әлеуметтік әділеттілік және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігі қағидаттарын нығайтады. Қазақстан Республикасының Президенті өз құттықтауында Жаңа Конституция елімізді одан әрі жаңғыртуға және демократиялық институттарды нығайтуға кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Конституция – мемлекеттің басты құқықтық құжаты әрі қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіретін негізгі тірек. Ол адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бекітеді, заң алдында барлығының теңдігін қамтамасыз етеді және экономиканың, әлеуметтік саланың, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесінің орнықты дамуына жағдай жасайды.

Жаңа Негізгі заңның азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырудағы маңызы ерекше. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, қоғамдық бақылауды күшейту және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мемлекеттік басқарудың заманауи моделін қалыптастыруға ықпал етеді.

Бүгінде конституциялық қағидаттардың табысты жүзеге асырылуы әрбір азаматтың белсенді қатысуына байланысты. Заңдарды сақтау, өзгелердің құқықтарын құрметтеу, еліміздің бүгіні мен болашағына жауапкершілікпен қарау – Қазақстанның одан әрі өркендеуінің маңызды шарттары.

Жаңа Конституция адамды, заңды, халық бірлігін және жасампаз еңбекті басты құндылық ретінде айқындайтын Әділетті Қазақстанды құрудың берік негізіне айналды.

Ақкөл аудандық мәслихатының депутаты
Назарбек Көкен