23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Еліміз үшін бұл – жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі өзгерістермен байланысты жаңа кезең.
Көпшілік үшін сайлау – ең алдымен өз учаскесіне барып, таңдау жасайтын бір күн. Алайда оның артында үлкен жұмыс тұр: сайлаушылар тізімін әзірлеу, сайлау процесіне қатысушыларды тіркеу, халықпен кездесулер өткізу, бағдарламаларды талқылау және, әрине, дауыс берудің өзі.
Әрқайсымыздың көзқарасымыз әртүрлі болуы мүмкін. Біреулер үшін экономика мен жұмыс орындары маңызды болса, енді біреулер білім беру, медицина, өңірлерді дамыту, отбасыларды қолдау немесе әлеуметтік қорғау мәселелеріне басымдық береді. Қоғамда барлық мәселе бойынша бір ғана пікір болуы міндетті емес. Керісінше, әртүрлі көзқарастар мәселені жан-жақты қарауға мүмкіндік береді.
Бүгінде ақпарат өте көп. Жаңалықтар сағат сайын дерлік шығып, әлеуметтік желілерде түрлі хабарламалар тарайды. Мұндай жағдайда сабыр сақтап, ақпаратты тексеру ерекше маңызды. Егер сайлауға қатысты қандай да бір маңызды ақпарат тараса, оның қайдан шыққанын және дереккөзінің қаншалықты сенімді екенін тексерген жөн. Бұл – қарапайым әдет болғанымен, адамға шешімін ойланып қабылдауға көмектеседі.
Сайлау учаскеңіздің орналасқан жерін алдын ала білуге болады. Сондай-ақ сайлаушылар тізіміндегі өзіңіз туралы ақпаратты тексеруге мүмкіндік бар.
Меніңше, азаматтық жауапкершілік дәл осы қарапайым әрекеттерден көрінеді: өз құқықтарыңды білу, дауыс беру тәртібін түсіну және сол құқықтарды сабырлы әрі саналы түрде пайдалану.
23 тамызда дауыс беру құқығы бар әр азамат өз шешімін дербес қабылдай алады. Ал сайлау аяқталғаннан кейін тағы бір маңызды кезең – сайланған депутаттардың жұмысы басталады.
Сондықтан сайлау – тек бір күн және тек бюллетень туралы ғана емес. Бұл – әр адамның өз елінің қоғамдық өміріне қатысуы.
Ал мұның бәрі қарапайым нәрседен басталады: білу, қызығушылық таныту, өз бетінше ойлау және өзгенің таңдауын құрметтеу.
Ақкөл аудандық мәслихатының депутаты
Шарипова Сәлима Халелқызы
