Ақмола облысында реанимациялық қызметті тәжірибесі мол дәрігер басқарады. Өңірдің бас реаниматологы Индира Сарыбаева 15 жылдан бері реанимация және интенсивті терапия бөлімшесінде жұмыс істеп келеді. Мұнда күн сайын ауыр халдегі науқастарға көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Индираның дәрігерлік жолы саналы әрі жүрек қалауымен басталған. Дәрігер болу туралы шешім отбасында қабылданды. Бір күні анасы ауыр науқастанып, күрделі отадан кейін үйде күтім қажет болған сәтте, болашақ дәрігер алғаш рет медицинаның шынайы бет-бейнесін көрді – ол қамқорлық, ұқыптылық және үлкен жауапкершілік екенін түсінді.
«Біз пролеженьнің алдын алуды, жара тігістерімен қалай жұмыс істеуді үйрендік. Анамызды аяққа тұрғыздық. Сол сәт менің кәсіби таңдауымды нақты анықтап берді деп ойлаймын», – дейді Индира Сарыбаева.
Астана медицина университетіне оқуға түскен ол оқуымен қатар тәжірибеден де қол үзген жоқ. Студент кезінен бастап реанимация бөлімшесінде кіші медицина қызметкері болып жұмыс істеді. Сабақ пен тәуліктік кезекшілікті қатар алып жүрді. Бұл тәжірибе оның өмірін түбегейлі өзгертті. Реанимация Индира үшін жай уақытша жұмыс емес, өмірлік мамандыққа айналды.
«Бір күні бөлім меңгерушісі маған: “Сен болашақ мамандығыңды таңдадың ба?” – деп сұрады. Мен “әлі нақты шешкен жоқпын” дедім. Сонда ол: “Білесің бе, егер адам бір рет реанимацияға келсе, ол жерден қайтып кете алмайды. Мұнда келген адам мәңгі қалады”, – деді. Расында солай болды», – деп еске алады дәрігер.
Бүгінде Индира Сарыбаева өңірдегі ең жауапты бөлімдердің бірін басқарады. Оның жұмысы тәулік бойы дайындықты, уақыт пен күнге қарамай көмек көрсетуге әзірлікті талап етеді. Бөлімше көпсалалы: мұнда көп жарақат алған, инсульт, инфаркт, бас-ми жарақаты және полиоргандық жеткіліксіздігі бар науқастар қабылданады.
«Реанимация – бұл әрдайым ауыр еңбек. Мұнда кездейсоқ адамдар болмайды. Бізге тек Көкшетау қаласынан емес, бүкіл Ақмола облысынан науқастар жеткізіледі», – дейді ол.
Индираның қызметіндегі ерекше бағыттардың бірі – санитарлық авиация. Бұл жедел қызмет кез келген сәтте облыстың кез келген ауданынан шақырту қабылдауға дайын.
«Біз барлық аудандарға қызмет көрсетеміз, бірақ көбіне халықаралық жолдар өтетін Жарқайың және Жақсы аудандарына жиі шығамыз. Биылғы жазда ол жақта жол-көлік оқиғалары көп болды. Біз кейде әуе арқылы, кейде жолмен шығамыз – ауа райы мен жағдайдың шұғылдығына байланысты. Бригаданы жасақтауға әдетте бір сағаттан артық уақыт кетпейді», – дейді бөлім меңгерушісі.
Үнемі күйзеліс пен эмоционалды ауыртпалыққа қарамастан, дәрігер өз ісін үлкен сүйіспеншілікпен атқарады.
«Ең үлкен марапат – науқас өмірге қайта оралып, “рахмет” деген сәт. Сол кезде осы мамандықта не үшін қалғаныңды, неге ауыр кезекшіліктерге төзетініңді түсінесің. Барлық қиындық, ұйқысыз түндер, ауыр жағдайлар – бәрі сол бір сәтке тұрарлық», – дейді Индира Сарыбаева.
