Ақмола облысында қысқы кезеңде жол қауіпсіздігі шаралары күшейтілді

Автор: | 10 ноября, 2025

Суық мезгілдің басталуымен өңірде жол-көлік оқиғаларының саны артып отыр. Бұл жағдай, бір жағынан, ауа райының қолайсыздығымен, екінші жағынан – көлік қозғалысының көбеюімен байланысты. Бұл туралы брифингте облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ержан Кошқарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Спикердің айтуынша, апаттардың негізгі себептері – жылдамдықты асыру, жүргізушілердің қателігі, жолаушылардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы және қыс мезгіліндегі жол жағдайының қиындауы. Ерекше алаңдататыны – қауіпсіздік белдігін тақпау салдарынан апаттардың салдары ауыр болуда. Жыл басынан бері 500-ден астам жолаушы түрлі жарақат алған.
«Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың салдарын азайту мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, шу жолағы, электронды жол белгілері, ақпараттық табло мен бағдаршамдар орнатылып, жол буферлері мен сигналық бағандар күшейтілді», – деді Ержан Кошқарбаев.
Полиция департаментінің хабарлауынша, биыл облыс аумағында 2 650 жол және теміржол өткеліне тексеріс жүргізілген. Тексеру нәтижесінде жол инфрақұрылымын тиісті деңгейде ұстамаған 257 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ең қауіпті учаскелерде ескерту белгілері мен сигналық бағандар орнатылып, шу жолағы төселді. Сондай-ақ «Астана–Щучинск» және «Астана–Қарағанды» автожолдарына ауа райы мен жол жағдайы туралы жедел ақпарат беретін электронды белгілер қойылды.
Қысқы маусымға дайындық та ерекше бақылауда. Қазірдің өзінде тайғаққа қарсы материалдар мен химиялық реагенттер қоры дайындалып, жылыту пункттері жасақталған, қар тазалайтын арнайы техникалар толықтай әзірленді. Жолдардың апатты учаскелерінде жарық шағылыстыратын жол таңбалары жаңартылып, түнгі уақытта көрінуді арттыру шаралары жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, облыста жолаушылар тасымалы саласындағы заңдылықты бақылау күшейтілді. Биыл ресми тіркелген такси саны екі есеге артқан. Бұл – тасымалдау қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жолаушылар қауіпсіздігін арттыруға да септігін тигізеді.
Полиция департаменті барлық жүргізушілерге көлік жылдамдығын шектен асырмауды, жолда мұқият болуды және қысқы маусымға толық дайындалуды ескертеді. Ал жолаушыларға қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағу ұсынылады.
Құқық қорғау органдары атап өткендей, тек барша азаматтардың ортақ жауапкершілігі мен тәртіпті сақтауы арқылы ғана жол-көлік апаттарының алдын алып, адам өмірін сақтауға болады.