Жаңа Конституцияның күшіне енуі – мемлекеттілікті нығайту үшін ғана емес, қоғамның рухани дамуы үшін де айрықша маңызға ие тарихи оқиға. Президенттің құттықтауы халықтың бірлігіне, қоғамдық келісімнің сақталуына және Қазақстан тәуелсіздігінің одан әрі нығая түсетініне деген сенімді білдіреді. Бүгіннен бастап заң үстемдігіне, жауапкершілікке және адамға құрмет көрсету қағидаттарына негізделген еліміздің дамуының жаңа кезеңі басталады.
Мәдениет әрдайым ұлттық болмыстың берік негізі болып келеді және солай болып қала береді. Ол ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, отансүйгіштік сезімді, тарихымыз бен салт-дәстүрімізге деген құрметті қалыптастырады, қоғамдық бірліктің нығаюына ықпал етеді. Бүгінде жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, дарынды әртістерді, музыканттарды, суретшілерді және халық қолөнері шеберлерін қолдауға қолайлы жағдай жасау ерекше маңызды.
Сонымен қатар еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу де аса маңызды міндет. Мәдениетке қамқорлық жасау – қоғамның рухани дамуына, азаматтық жауапкершіліктің нығаюына және ұлттық бірегейліктің қалыптасуына салынған инвестиция.
Жаңа Конституция мәдениет саласының одан әрі дамуына, қоғамдық келісімнің нығаюына, дарынды жастарды қолдауға және халқымыздың рухани құндылықтарын сақтауға берік негіз болады деп сенемін. Тек бай мәдени мұрамызды сақтап, заманауи шығармашылық бастамаларды дамыту арқылы ғана біз қуатты, өркендеген әрі бірлігі бекем Қазақстанды бірге құра аламыз.
Ақкөл аудандық мәслихатының депутаты
Шарипова Сәлима Халелқызы
